ШҚО-да скрининг адам өмірін сақтап, статистиканы өзгертуде
2026 жылдың басында Шығыс Қазақстан облысында көңіл көншітерлік тенденция байқалады: онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау жағдайлары артып, өлім-жітім деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Бұл өзгерістердің артында өңірдің онкологиялық қызметінің жүйелі жұмысы, яғни уақтылы көрсетілген көмек пен құтқарылған өмір тұр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова мен ШҚО ДСБ штаттан тыс бас онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты Гульмира Сагидуллина бүгінде онкологиялық аурулардың алдын алуға және ерте анықтауға баса назар аударылып отырғанын атап өтті.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста алғаш рет қатерлі ісіктің 2500-ден астам жағдайы анықталды. Ерте анықтау үлесі 38,5 пайызды құрады, – деді Айнаш Қапанова. – Алдын алу, скрининг және ерте диагностика онкологиялық қызметтің негізгі бағыттары болып қала береді, себебі ауруды ерте сатыда анықтау оны сәтті емдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірқатар жағдайларда онкологиялық аурулардың әрі қарай дамуын обыр алды өзгерістер кезеңінде алдын алуға болады.
Мұны нақты сандар да растап отыр. Гульмира Сагидуллинаның хабарлауынша, осы жылдың бірінші тоқсанында өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 8 пайызға дерлік төмендеді: 100 мың тұрғынға шаққанда 103,3-тен 95,1-ге дейін.
– Бүгінде ерте сатылар ретінде бұрынғыдай бірінші және екінші емес, нөлдік және бірінші сатылар саналады, – деп түсіндірді Гульмира Сагидуллина. – Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында тіркелген ауруға шалдығу жағдайларының 35 пайызы осы ерте сатыларда анықталған. Бұл аталған пациенттердің мамандандырылған еммен қамтылатынын және ауруды емдеуге қатысты болжамның жақсы болатынын білдіреді. Біздің облыста емделу үшін барлық мүмкіндік бар екенін және біз бұл тұрғыда республикалық клиникалардан кем емес екенімізді атап өткім келеді. Емдеу хаттамаларымыз бірдей. Біз еуропалық онкологтар қоғамының мүшелеріміз. Облысымызда онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға айтарлықтай жоғары деңгейде көмек көрсетіледі. Ең бастысы – ауруды дер кезінде анықтау.
Скрининг онкологиялық ауруларды ғана емес, сонымен қатар қатерсіз ісіктерді және қабыну процестерін анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандар бұл фактілердің барлығы алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін растайтынына сенімді.
Айнаш Қапанованың пікірінше, колоректальды қатерлі ісікке (тоқ ішек қатерлі ісігі) ерекше назар аудару керек. Облыс бойынша онкологиялық аурулар құрылымында ол жетекші орындардың бірін алады. 2025 жылы 265 жаңа жағдай тіркелді, сонымен бірге өлім-жітім бойынша бұл ауру екінші орында тұр. Бұл өз уақытында тексеруден өтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Өткен жылы облыста колоректальды қатерлі ісікті ерте анықтау бойынша скринингпен 51 мыңнан астам адам қамтылды, бұл обыр алды жағдайларды байқауға және ауруды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік берді. Эндоскопиядан өткен пациенттердің саны 12,5 еседен астам өсті: 43-тен 541 адамға дейін. Сонымен қатар оң тесттен кейін тексерудің екінші кезеңін аяқтаған пациенттердің үлесі 24,6 пайыздан 60,3 пайызға дейін өсті. Обыр алды жағдайларды анықтау 10,4 есеге өскен болатын: 12-ден 125 жағдайға дейін, бұл аурудың қауіпті сатыға өтпей, дер кезінде анықталғанын білдіреді.
Жатыр мойны обырының алдын алу да өзекті болып қала беруде. Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, бұл ауру әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында әлі де жетекші орын алады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста жатыр мойны обырының 96 жағдайы тіркелді, оның 85,3 пайызы ерте сатысында анықталған. Скринингтік бағдарлама аясында 33 мыңнан астам әйел тексерілді.
– 597 обыр алды жағдай анықталды, – деп нақтылады Айнаш Қапанова. – Бұл сандар скрининг ауруды дер кезінде, тіпті ол пайда болғанға дейін анықтауға, демек әйелдердің денсаулығы мен өмірін сақтауға мүмкіндік беретінін айқын көрсетеді.
Жатыр мойны обырының алдын алуда адам папиллома вирусын (АПВ) анықтау және тиісті екпе алу маңызды.
– Жатыр мойны обырының 90 пайызы адам папиллома вирусынан туындайды, – деп атап өтті
Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы Онкология және хирургия орталығының маммология және онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Серік Мұхамеджанов. – Осыған байланысты елімізде 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіледі.
Сондай-ақ ол 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған скринингтер мен 70 жастан кейінгі кәсіби тексерулер туралы еске салды.
– Скрининг онкологиялық ауруларды емдеуге қатысты болжамды жақсарту және өлім-жітімді азайту үшін ғана емес, осы аурулардың алдын алу үшін де маңызды, – деді Серік Мұхамеджанов.
Бүйрек қатерлі ісігіне келетін болсақ, ШҚО көпсалалы Онкология және хирургия орталығының онкоурология бөлімінің меңгерушісі Саян Сагидуллин түсіндіргендей, бұл онкологиялық ауру көбінесе еш белгісіз өтеді және оны дер кезінде анықтау үшін жыл сайын бүйректі ультрадыбыстық зерттеуден өткізу қажет. Бұл аурудың пайда болуында тұқым қуалаушылық маңызды рөл атқарады. Бүйрек қатерлі ісігі анықталған жағдайда оперативті ем жүргізіледі.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы облыста әр ай сайын түрлі онкологиялық локализациялар бойынша ашық есік күндері өткізілетінін атап өтті. Бұл жай ғана акция емес, ерте анықтаудың тиімді құралы.
– 2026 жылдың бірінші тоқсанында облыста үш ашық есік күні өткізіліп, оның аясында 2 850 адам қамтылды, – деп хабарлады Гульмира Сагидуллина. – Олардың 17-сінде қатерлі ісікке күдік, 101-інде обыр алды жағдай анықталды. Ауруға күдігі анықталған барлық пациенттер консультациядан өтіп, қазіргі уақытта қосымша тексеріліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бүгінде өңірдегі онкологиялық көмек көрсету жүйесі бірте-бірте нақты құрылған механизмге айналып келеді, мұндағы алдын алудан бастап емдеуге дейінгі әрбір кезең басты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Осы нәтиже пайыздар мен рейтингте емес, мүмкіндіктер арқылы көрініс табады. Бұл адамға өмір сүруге, жұмыс істеуге, жоспар құруға берілген мүмкіндіктер. Ал осы мүмкіндік аурудың алдын алғанда немесе оны дер кезінде анықтағанда пайда болады.


