Риддердің мерейтойына орай ауқымды мерекелік іс-шаралар легі жоспарланған
Қаланың 240 жылдығында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, деп хабарлайды Noks.kz.
5 маусымда сағат 08:30-да Мәдениет сарайында «Риддер тарихи аспектілер тұрғысынан» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция басталады.
Сағат 13.00-де сол жерде ШҚО ақындарының қатысуымен облыстық айтыс өтеді. Көрермендерді жарқын өнер сайысы күтеді.
Негізгі мерекелік шаралар 6 маусымға жоспарланған.
10.00-де 94-ші квартал ауданында Риддер қаласының ІІ Ұлттық «Ата-Мұра» ойындарының ашылуы өтеді. Ауқымды мәдени-спорттық іс-шара қазақ халқының дәстүрлерін сақтауға және ұлттық спорт түрлерін насихаттауға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, бағдарлама аясында көкпар, топ бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, арқан тартыс, садақ ату және «Толағай» сайыстары, тазылар арасындағы «Шырға тарту» жарысы, спортшылардың көрсетілімдік өнерлері, концерттік бағдарлама және бағалы сыйлықтар ұтысын өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ мерекеде сауда қатарлары ұйымдастырылатын болады. Әуе шарымен көкке көтерілу мүмкіндігі де ұсынылмақ (қызмет ақылы).
Ұлттық ойындардың салтанатты ашылу рәсімі сағат 10.00-де басталады. Өтетін орны – 94-квартал.
Сағат 18.00-де Республика алаңында Риддер қаласының тұрғындары мен қонақтарын ауқымды кешкі мерекелік концерт күтеді. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары: Анара Батырхан, Баянсұлу, «Килиманджаро» африкалық шоу-тобы өнер көрсетеді. Кештің жүргізушілері – Құмар Лұқманов пен Нұрдәулет Шертім. Ерекше көңіл-күйді қонақтарға DJ Den сыйлайтын болады.
Мерекелік бағдарлама сағат 22.00-де Риддер аспанын көмкеретін жарқын отшашумен аяқталады.

