Еріктілер қиын сәтте қол ұшын созуға әзір

9 часов назад
Сейчас читают:
Еріктілер қиын сәтте қол ұшын созуға әзір Еріктілер қиын сәтте қол ұшын созуға әзір
Еріктілер қиын сәтте қол ұшын созуға әзір

Олар жоғалған адамдарды іздеп, жалғызбасты қарттарға көмектеседі, мұқтаждарға қажетті заттарды жинап, өзен жағалауларын тазалайды. Олардың бұл еңбегі көп жағдайда елеусіз қалғанымен, дәл осы игі істердің арқасында талай жан қайтадан тірек тауып, өмірге құлшынысы оянады.

Ер адамның сәкіде отырғанына бірнеше күн болды. Аула тұрғындары оны таңертең де, күндіз де, кешке де байқап жүрді. Ол ешкіммен тілдеспейтін, әрі көмектен әлдеқашан күдер үзгендей көрінетін.

Бейтаныс азаматпен әңгімелескен қала тұрғындары оның басынан кешкен оқиғалары жайында білді. Әйелімен ажырасқан соң ол отбасынан да, баспанасынан да айырылған, кейін жұмысынан шығып қалды, ал қала кезіп жүргенде құжаттарын да жоғалтқан екен. Осындай қиын жағдайға тап болған ер адам амалы құрып, тығырықтан шығар жол таба алмай жүрді.

Жанашыр тұрғындар оны уақытша гараж кооперативінің бос тұрған күзет орнына орналастырып, кейін еріктілермен байланысқа шықты. Бірнеше сағаттан кейін еріктілер азық-түлік, киім-кешек және отын әкелді. Кейін құжаттарды қалпына келтіруге көмектесіп, жұмысқа орналастыру мәселесімен айналысты.

Мұндай оқиғалар көпшілікке сирек жария болады. Алайда еріктілердің қызметі дәл осындай, бір қарағанда байқалмайтын әрекеттерден құралады. Волонтерлік іс жайында Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық волонтерлер жылына арналған брифинг қатысушылары толығырақ айтып берді.

Бүгінде Қазақстанда еріктілер қозғалысы 275 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр. Елімізде 750-ден астам волонтерлік ұйым және 3500-ге жуық бастамашыл топ жұмыс істейді. Еріктілер қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға көмектеседі, іздеу-құтқару жұмыстарына қатысады, жануарларға арналған баспаналарда жұмыс істейді, төтенше жағдайлардың салдарын жояды, экологиялық және әлеуметтік жобаларды іске асырады.

Ең ірі бірлестіктердің бірі – бүкіл ел бойынша ауқымды әлеуметтік, білім беру және экологиялық бағдарламаларды жүзеге асыратын Ұлттық волонтерлік желі.

Шығыс Қазақстан облысында өңірлік волонтерлер фронт-офисі алты жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол еріктілік бастамаларды үйлестіру үшін 2020 жылдың наурыз айында Жастар ресурстық орталығының жанынан ашылды.

— ШҚО-да қазіргі таңда 2044 адам волонтерлік қызметке тартылған, — деді ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев. — Оның ішіне экологиялық волонтерлік, егде жастағы адамдарға күтім жасау, жануарларға арналған баспаналарда жұмыс істеу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобаларды жүзеге асыру, жастармен жұмыс, адамдарды іздеу, төтенше жағдайларда көмек пен қолдау көрсету кіреді.

Спикердің айтуынша, бүгінде аймақтан тыс жерлерде танымал болған көптеген жобалар елдің шығысында бастау алған. Соның бірі – «Мейірімді Шығыс» акциясы, оның қатысушылары жалғызбасты қарттарға көмектесті. Уақыт өте келе бұл бастама бүкіл Қазақстанға таралды.

Волонтерлік көмек көбінесе жеке бастамаға негізделеді. Кәсіпкер Татьяна Беркман өзінің пікірлестерімен бірге ұзақ жылдар бойы қиын жағдайға ұшыраған адамдарға қол ұшын созып келеді. Өскемен тұрғындары қиындыққа тап болған кезде еріктілерге жүгінуге болатынын жақсы біледі.

Еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік пен киім-кешек жинайды, жиһазбен және үйдің керек-жарақтарымен жәрдемдеседі, қарттар үйінде тұратын зейнерткерлер мен хоспистегі науқастарға барады. Олар мұны негізінен өз қаражаты есебінен істейді және басқаларға көмектесуді адамның табиғи қажеттілігі деп біледі.

Дегенмен волонтерлердің қызметі әлеуметтік саламен шектелмейді. Бірнеше жылдан бері еріктілер Үлбі арнасын тазалап келді. Ал облыс тұрғыны Вячеслав Орлов өз бастамасымен Катонқарағай ауданындағы жартастарды граффитиден тазартты. Мұндай игі істер жаңалықтардан сирек көрінеді, бірақ дәл осы әрекеттер айналадағы әлемді жақсы жаққа қарай өзгертеді.

— Біздің бұрыннан келе жатқан көпжылдық ынтымақтастығымыз бар. Ең алғашқы волонтерлік ұйымдар ШҚО мен Абай облысында құрылды, — деп атап өтті «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк.

Оның сөзінше, Қазақстан — волонтерлік қозғалыстың тарихы тереңде жатқан мемлекеттердің

қатарына кіреді. Биыл Ұлттық волонтерлік желі мемлекет пен еріктілер қауымдастығының өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасындағы волонтерлікті қолдаудың жаңа тұжырымдамасын әзірледі.

— Жалпы елімізде волонтерлерге және олардың ортақ игілікке қосатын үлесіне ерекше мән беріледі, — деді Татьяна Миронюк. — Қазақстан – волонтерлік қозғалыс Конституцияда аталған тоғыз елдің бірі. Бұл қызмет саласы өте маңызды, өйткені ол мемлекетке ең құнды  ресурстардың бірі, яғни адами ресурсты ерікті түрде ұсынады.

Татьянаның айтуынша, өткен жылы еріктілер қызметінің экономикалық әсері 40 миллиард теңгені құрады.

Мамандар волонтерлік әртүрлі жастағы және түрлі саладағы адамдарды біріктіретінін айтады. Жастар іс-шаралар мен акцияларды ұйымдастыруға жиі қатысады, орта жастағы адамдар қоғамдық маңызы бар жобаларды таңдайды, ал аға буын өкілдері өздерін тұрақты әлеуметтік жұмысқа арнайды.

Олардың әрқайсысының еріктілікпен айналысуға өз себебі бар. Алайда барлығын өзгенің мұң-мұқтажын елеусіз қалдырмау, игі іске уақыт табу және қиындыққа тап болғандарға көмек қолын созуға деген дайындық біріктіреді. Волонтерлерді «бейжай қарамайтын жандар» деп сол себепті жиі атайтын болар.

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте