Министр Семей полигоны туралы: Жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ

13 апреля 2022, 5:05
Сейчас читают:

Үкіметте бұрынғы Семей ядролық полигонының шартты түрде таза жерінің бір бөлігін қолданысқа беру ұсынылды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов ластанған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмей жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Полигон жабылғалы бері бірқатар проблемалық мәселе анықталды. Бұрынғы Семей полигонының жерлері үш облыс әкімдіктері қарамағындағы босалқы жерлерге жатады, бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттері мен осы аумақтарда болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады.

Полигонның артық ластанған жерлерін қалпына келтіру және рекультивациялау жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Сондай-ақ, радиоактив ластану деңгейін тұрақты бақылаудың болмауына байланысты радиоактив ластанудың миграциясы туралы өзекті деректер жоқ. Ластанған және таза аумақтардың бөлінбеуінен бүгінде қолдануға жарамды жерлердің едәуір бөлігі бос тұр", — деді министр Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, бұл мәселелер шешімі депутаттар бірінші оқылымда қараған "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" заң жобасында нақты көрсетілген.

Заң жобасында мыналар ұсынылған:

  • бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонындағы жұмыстардың орындалуына жауапты ұйымды тағайындау;
  • кешенді экологиялық зерттеу және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша радиациялық шектен тыс ластануы бар аумақтардың және шартты түрде таза жерлердің шекаралары мен ауданын айқындау;
  • ластанған жерлерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру;
  • бұрынғы полигонның ластанған аумақтарын қалпына келтіру;
  • аймақ аумағындағы радиациялық жағдайды бақылау;
  • бұрынғы полигонның шартты түрде таза жерлерін шаруашылық айналымға беру.

Также читайте