Қазақстанда стелс-омикрон штамы тіркелген жоқ
Қазақстанда стелс-омикрон штамы жоқ, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев, деп хабарлайды Sputnik Казахстан тілшісі.
"Қазір Қытайда және басқа көрші елдерде айналымда жүрген стелс-омикрон штамы бізде тіркелмеген", — деді Байтанаев мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында.
Қазақстанда қазір коронавирустың омикрон штамы басым, сондай-ақ дельта штамы мен Ухань штамы анықталып жатыр.
Комитет өкілінің айтуынша, елде стелс-омикрон штамы пайда болса, одан тек вакцинация және ревакцинация арқылы ғана қорғануға болады.
Айта кетері, стелс-омикрон қазір COVID-19 инфекциясының ең жұқпалы түрі саналады.
Жаңа штамға байланысты Қытайдың Шанхай қаласында белгісіз мерзімге дейін толық локдаун енгізілді — адамдарға үйден шығуға тыйым салынған, ал қалаға коронавирусқа жаппай тестілеу жүргізу үшін мыңдаған медицина қызметкері жіберілді.