«Қонақжай тотбасы» жобасының ауқымы кеңейеді
Мемлекеттік тілді тілдік ортада оқытуға бағытталған еліміздегі бірегей жоба — «Қонақжай отбасы» биыл да жалғасын табады. Былтыр жазда алғаш рет жүзеге асырылған жоба өзінің тиімділігін көрсетті.
Өңір тұрғындарының қолдауына ие болған жобаның жағрафиясы кеңейіп, тағы бірқатар аудандарда жүзеге асырылмақ. Осы жылы Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Шемонаиха және Алтай ауданынан келген 100 бала Катонқарағайдың ауылдарында тұрып, қазақ тілін меңгереді.
— Сондай-ақ Зайсан және Тарбағатай аудандарынан келген 20 бала Глубокое ауданы мен Риддер қаласындағы отбасыларға барып, орыс тілін жетілдіреді. Жоба ауқымын кеңейттік. Себебі республика бойынша аталған жобаны біз насихаттап жатырмыз, — деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.
Жоба балаларды қазақ тілін әдеттен тыс, бірақ тиімді форматта оқытуды көздейді, яғни оқушылар қазақшаны тілдік ортада жүріп меңгереді. Сонымен қатар балалар өлке тарихымен, қазақтың салт-дәстүрімен танысып, киелі жерлерді, тарихи ескерткіштерді аралайды.
Былтыр «Қонақжай отбасы» жобасына облыстың түкпір-түкпірінен 68 бала қатысып, 12 жас пен 14 жас аралығындағы оқушылар жиырма күн бойы Катонқарағай ауданының үш ауылы — Өрел, Берел және Катонқарағайдағы отбасыларда тұрып, тіл үйренген болатын. Сондай-ақ олар сол өлкенің табиғатымен, мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік алған.
Жаңалықты ана тіліңде оқы — oskemenkz.kz